Астаналық ТЖД жаңа заманауи өрт сөндіру техникаларымен толықты
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордалық ТЖД-ға жаңа техникалар табысталғаны туралы жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Өрт сөндірушілеріміздің батылдығы мен жоғары кәсіби біліктілігі өртке қарсы қызметтің техникалық жарақтандыру деңгейімен сай келуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорданың ТЖД автопаркін жаңарту және қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгін қаланың ТЖД автопаркі кезекті 15 жаңа өрт сөндіру техникасымен толықты.
Жаңа техникалар төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, апаттық-құтқару және өрт сөндіру жұмысын тиімді жүргізуге, сол сияқты жеке құрамды, өрт сөндіру құралдары мен техникалық жабдықтарды оқиға орнына жеткізуге арналған.
Соңғы жылдары ТЖД-ға арнап 44 арнайы техника сатып алынып, табысталды. Сонымен қатар өрт сөндірушілердің тұрғын үй жағдайын жақсарту, жаңа өрт сөндіру деполарын ашу және т.б. бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Өрт сөндірушілеріміз күн сайын түрлі қауіп-қатер мен қиындықтарға қарсы тұрады. Олардың батылдығы, кәсіби шеберлігі мен жанқиярлығы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды кепілі. Біз олардың тиімді жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасап, өртке қарсы қызметті заманауи техникамен жарақтандыруды жалғастырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.


