Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан киберқылмысқа қарсы күресте басқа елдермен өзара іс-қимылды күшейтеді. Құрылтай Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат компьютерлік жүйелердің, желілер мен деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға, сондай-ақ оларды заңсыз пайдалануға байланысты қылмыстарға қарсы іс-қимылға бағытталған.
Конвенция 2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған. Ол ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы күреске арналған алғашқы халықаралық шарт болып саналады. Бүгінде оған АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания және Еуропа елдерін қоса алғанда, 80-нен астам мемлекет қатысады.
Конвенция аясындағы ынтымақтастық киберқылмыстарды анықтау және тергеп-тексеру кезінде халықаралық деңгейде өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, құжатта экстрадиция, ақпарат алмасу және бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізу сияқты халықаралық құқықтық көмек тетіктері қарастырылған.
Бұл трансшекаралық қылмыстарды ашу кезінде Қазақстанның шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл мүмкіндігін кеңейтіп, киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға жол ашады.
Бұған дейін Қазақстан ТМД елдерімен адамдарды іздестіру туралы келісімге өзгеріс енгізгені хабарланды.