«Қазгидромет» ауа райын модельдеу үшін ЖИ қолданып жатыр – министр
Қазақстан аумағының басым бөлігінде қазан және қараша айларында ауаның орташа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазан айында еліміздің көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жақын, елдің батысы мен солтүстік-батысында нормадан көп, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс, орталық облыстардың оңтүстігінде және Абай облысының жазық бөлігінде нормадан аз болады деп болжанып отыр. Қараша айында жауын-шашын еліміздің басым бөлігінде норма шегінде, Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстарының солтүстік бөліктерінде нормадан көп болады.
Министрдің айтуынша, «Қазгидромет» болжамдарының дәлдігін арттыру үшін жыл басынан бері жасанды интеллект элементтері бар WRF цифрлық моделі қолданылуда.
«Бұл – ауа райын болжаудың сандық моделі, ол 2 және 6 шақырым кеңістіктікті қамти отырып, 48 сағатқа және 10 тәулікке дейін болжай алады. Аталған технологияларды қолдану агрометеорологиялық және гидрологиялық болжамдарды, сондай-ақ дауылды ескертулерді қоса алғанда, болжамдардың дәлдігін арттыруға және мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және жалпы халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, шаруаларға 2027 жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі.