Астанада «Ұстазыңды құттықта» челленджі басталды
Ұстаздар күніне орай 28 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Астана қаласында «Ұстазыңды құттықта» челленджі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Білім басқармасына сілтеме жасап.
Челлендждің алғашқы қатысушыларының бірі Астана қаласы әкімдігінің «№2 Өнер мектебінің» педагогтері мен оқушылары. Олар барша ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, ізгі тілектері мен шынайы алғыстарын елімізге танымал «МузАРТ» тобының «Ұстазым» әні арқылы жеткізді.
Арнайы түсірілген бейнебаянда ұстаз еңбегінің мәні, шәкіртіне деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, әр баланы білім мен өнерге баулып, оның бойындағы қабілетін ашуға қосқан үлесі көрініс тапты. Өйткені әр адамның жүрегінде білім берген, ой салған, ақыл айтқан өз ұстазы бар.
«Челлендждің мақсаты – ұстаз еңбегіне құрмет көрсетіп, шәкірт пен мұғалім арасындағы ерекше байланысты дәріптеу. Челленджге кез келген қала тұрғыны қатысып, білім мен тәрбие берген ұстазына жүрекжарды тілегін жолдап, алғысын білдіре алады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Білім басқармасы барша қала тұрғындарын #Ұстазыңдықұттықта челленджіне қатысып, өз ұстазына жылы лебізін білдіруге шақырды.
Еске салсақ, балабақшаларда, мектептерде және колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтарының мазмұны жаңартылды.