Астанадағы балабақшада «Таза аула – таза орта» экологиялық акциясы өтті
Елордадағы №66 «Толағай» балабақшасында «Таза аула – таза орта» атты қалалық экологиялық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның бастамашысы – Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы. Оның мақсаты – балалар мен ата-аналардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалануды насихаттау.
Акция аясында қатысушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылды. Ата-аналар мен балабақша қызметкерлері аумақты тазалап, гүлзарлар мен жасыл желектерді ретке келтірді. Қайта өңдеуге жарамды материалдарды шығармашылық тұрғыда пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Шеберлік сабағында қатысушыларға пластик бөтелкелерден, картоннан, қағаз бен қақпақтардан пайдалы әрі сәндік бұйымдар жасаудың жолдары көрсетілді.
«Бүгінгі «Таза аула – таза орта» акциясы – жай ғана аумақты тазалау емес, өскелең ұрпақтың бойына экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті сіңіретін маңызды бастама. Балалар кішкентай кезінен табиғатты аялауды, қалдықтарға екінші өмір сыйлауды және ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуді үйренсе, бұл – «Таза Қазақстан» идеясының іс жүзіндегі нақты көрінісі», – деп атап өтті Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.
Сондай-ақ тәрбиеленушілер үшін ұлттық зияткерлік «Мангала» ойыны ұйымдастырылып, табиғат пен тазалық туралы өлеңдер шеруі өтті. Балалар қайта өңделген материалдардан жасалған аспаптарда «Көңілді барабандар» музыкалық композициясын орындады.
Іс-шараның ерекше алаңдарының бірі «Eco Fashion – қалдықтарға екінші өмір» сән көрсетілімі болды. Онда балалар мен ата-аналар қайта пайдалануға жарамды материалдардан жасалған киім үлгілерін ұсынды. Сонымен қатар балабақшада қайта өңдеуге болатын материалдардан дайындалған шығармашылық жұмыстар көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысушы Айсәуле Ондағанова жоба аясында кәдімгі пластик бөтелкелерден пуф жасауға қол жеткізгендерін айтты.
«Оны жасау үшін картон мен бөтелкелердің түп бөліктерін пайдаландық. Мені дайын материалдардан бұйым жасау ғана емес, осы көйлектерді тіккен адамдардың еңбегі де ерекше таңғалдырды. Бұл шынымен де керемет», – деді ол.
Оның айтуынша, іс-шараны дайындау мен өткізу барысында балалар, ата-аналар және тәрбиешілер бірлесе жұмыс істеді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар балаларға табиғатқа ұқыпты қараудың маңызын іс жүзінде түсінуге көмектесетінін және күнделікті тұрмыстық қалдықтардың өзіне жаңа қолданыс табуға болатынын көрсететінін атап өтті.
Еске салсақ, Астанадағы №101 мектеп халықаралық байқаудың финалына шықты.