«Қауіпсіз шот» тұзағы: Астанада зейнеткер 3 млн теңгеден айырылды

29 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Қауіпсіз шот» тұзағы: Астанада зейнеткер 3 млн теңгеден айырылды
Фото: freepik.com

Астанада жедел-іздестіру іс-шаралары барысында интернет-алаяқтық дерегі ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Зейнеткерге алдымен өзін «Қазақтелеком» қызметкері ретінде таныстырған ер адам қоңырау шалып, тарифке жеңілдік рәсімдеу сылтауымен жеке деректерін алған. Кейін алаяқтар өздерін ҰҚК және Ұлттық банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткердің атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан.

Олар жәбірленушіні ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Алаяқтардың нұсқауы бойынша зейнеткер алтын бұйымдарын ломбардқа өткізіп, банк бөлімшесі арқылы шетелдегі банк шоттарына 4 668 АҚШ долларын, яғни 3 млн теңгеден астам қаражат аударған.

Тергеу барысында зейнеткердің алаяқтық схемаға тартылғаны анықталды. Белгісіз адамдардың нұсқауымен ол басқа қалаға барып, өзге зейнеткерден 15 млн теңгеге жуық қаражатты алып, оны алаяқтарға берген, - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде қылмыстық схемаға қатысы бар 42 жастағы шетел азаматы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық схемаға қатысы бар өзге адамдар, ақша қаражатының қозғалысы және осыған ұқсас басқа да фактілер анықталуда.

Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Құқық қорғау органдары немесе банк қызметкерлері атынан қоңырау шалған адамдардың нұсқауы бойынша ақша аудармау және бағалы заттарды ломбардқа өткізбеу қажет. Күмәнді жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, ақпаратты ресми байланыс арналары арқылы өз бетінше тексерген жөн.

Еске салсақ, Астанада 400-ге жуық жол ережесін бұзған жүргізушілер анықталды.