Бектенов: Өңірлер агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырғаны жөн

29 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов: Өңірлер агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырғаны жөн
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өңірлер агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде қолдауды жалғастырғаны жөн. Қазіргі таңда басты міндет – егін орағын уақтылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу. Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. Астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Күн райының жұмыс қарқынына, өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі үшін Премьер-министр Экология министрлігіне диқандарға ауа райы болжамы туралы мәліметті егін орағы аяқталғанша күнделікті беріп тұруды тапсырды. 

«Жеңілдікті дизель отынының қолжетімділігіне баса назар аудару қажет. Энергетика министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, егін жинау науқаны мен астықты кептіру жұмыстары толық аяқталғанша жанармайдың үздіксіз жеткізілуін, сондай-ақ отын қорын бақылауда ұстасын. Тағы бір маңызды мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын қалыптасқан қарқынмен жалғастыру. Жоспарланып отырған өнім көлемі ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге де, дәстүрлі көлемдегі өнімді экспортқа жөнелтуге де жеткілікті», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, елімізде астық тасымалы 13%-ға өсті.