Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру тәжірибесі Кенияда таныстырылды
Қазақстанның мемлекеттік қызметті цифрландыру тәжірибесі Кенияның Момбаса қаласында өткен халықаралық семинарда таныстырылды. Іс-шараға 14 елден 160-қа жуық мемлекеттік қызметші, сарапшы мен зерттеуші қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана мемлекеттік қызмет хабының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кения мемлекеттік басқару мектебінде өткен VI стратегиялық семинар мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау, оза басқару және жүйелі ойлау мәселелеріне арналды. Іс-шараны Африка мемлекеттік басқару және менеджмент қауымдастығы (AAPAM) мен Кения мемлекеттік басқару мектебі (KSG) Астана мемлекеттік қызмет хабы және Кенияның Ұлттық зерттеу қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

Қазақстан атынан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Бекіш қатысып, мемлекеттік қызметтегі персоналды басқарудың интеграцияланған цифрлық жүйесі – e-HR (e-Qyzmet) платформасын таныстырды.
Ол жүйенің кадрлық процестерді автоматтандыруға, конкурстық іріктеуді оңтайландыруға, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге және адами ресурстарды деректер негізінде басқаруға мүмкіндік беретінін түсіндірді. Семинарға қатысушылар Қазақстанның цифрлық моделін енгізу және іс жүзінде қолдану тәжірибесіне қызығушылық танытты.

Астана мемлекеттік қызмет хабының сарапшысы Гүлімжан Сүлейменова ұйымның қызметі мен халықаралық тәжірибе алмасуды дамытудағы рөлін таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтудағы әдеп пен есептіліктің маңызына арналған сессияны жүргізді.
Астана мемлекеттік қызмет хабының халықаралық семинарға қатысуы Қазақстанның мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесін шетелде таратуға және Африка елдерінің мемлекеттік басқару институттарымен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Айта кетейік, AAPAM – Африкада мемлекеттік басқару мен менеджменттің озық тәжірибелерін ілгерілетіп, дамуына жәрдемдесетін жетекші халықаралық кәсіби ұйым. Оның құрамына 50-ден астам елдің үкіметтері, жеке сектор, азаматтық қоғам, халықаралық ұйым және зерттеу қауымдастығы өкілдері кіреді.
Ал Астана мемлекеттік қызмет хабы (ACSH) – тәжірибе алмасу, зерттеулер жүргізу және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Үкіметі және БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп құрылған халықаралық институционалдық платформа. Бүгінде Хаб 45 қатысушы елді біріктіріп, 100-ден астам халықаралық ұйым және зерттеу орталығымен ынтымақтасады.
Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметтің кадрлық процестеріне ЖИ-ді енгізу талқыланғаны хабарланған еді.