«Қазақстан бойынша бұл бірінші зауыт»: Астанадан қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылады

«Қазақстан бойынша бұл бірінші зауыт»: Астанадан қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылады
Фото: ОКҚ

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астанада шығарылатын қоқыс қайда кететіні туралы сұраққа жауап берді. Әкімнің айтуынша, қоқысты өңдейтін және жандыратын станция салынады. Әкімнің дерегінше, станция күніне 2250 тонна қоқыс өңдей алатын мүмкіндікке ие болады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Қоқысты қай жаққа жібереміз? Біз шетелдік компаниямен бірлесіп, қоқысты өңдейтін және жандыратын станция салайын деп жатырмыз. Күніне 2250 тонна қоқыс өңдей алатын мүмкіндігі болады. Қазіргі күні қаладан шамамен 1500 тонна қоқыс шығарылады. Ол жоба 3 жыл болады. 2028 жылы іске қосамыз, 2029 жылы толығымен жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы Қазақстан бойынша бұл бірінші зауыт», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол қалада қоқыс күніне екі рет шығарылатынын айтты.

«Екі жыл бұрын қоқыс шығарумен тек 1 компания ғана айналысқан, Clean city компаниясы. Қазір 4-5 компания қоқысты шығарады, күніне екі рет шығарылады. Бұрын әрбір ауданда 60-70 қоқысқа қатысты наразылық болса, қазір күніне 5-6 қала бойынша, қоқысқа қатысты мәселе жойылып жатыр деп айтуға болады. Үйден шыққанда, қоқыс жәшіктерінің қасы таза, оны тез жинап әкететінін байқауға болады», - деді Жеңіс Қасымбек.