Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр
Астанада «Тұрақты болашаққа арналған әлеуметтік инвестициялар» тақырыбында әлеуметтік кәсіпкерлердің алғашқы халықаралық саммиті өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстаннан және Германия, Канада, Малайзия, ТМД елдерін қоса алғанда, шетелден 700-ге жуық адам қатысады деп күтіліп. Бұл туралы Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Саммит әлеуметтік кәсіпкерлерді, инвесторларды, мемлекеттік органдарды, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының өкілдерін бір алаңға жинады.
Негізгі іскерлік бағдарлама 11 қыркүйекте сағат 10:00-де Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында өтеді. Кіру тегін, алайда алдын ала тіркелу қажет.
Іс-шара барысында әлеуметтік инвестициялар, тұрақты бизнес-модельдер, әлеуметтік кәсіпорындарды қаржыландыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Қатысушылар гранттық қаржыландыру тетіктерін, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың халықаралық тәжірибесін және Орталық Азияда озық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін қарастырады.
Саммит аясында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы, Жапония мен Канаданың дипломатиялық миссиялары және халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйлейді.
Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Үздік әлеуметтік кәсіпкер-2026» республикалық байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі.
Сонымен қатар қатысушыларға арналған Ethnic Heritage Fair этножәрмеңкесі, мемлекеттік даму институттары мен халықаралық ұйымдардың бағдарламалары таныстырылатын Information Fair көрмесі және жаһандық әлеуметтік сын-қатерлерге арналған «Әлем айнасы» фотокөрмесі ұйымдастырылады.
10 қыркүйекте шетелдік қонақтарға арналған мәдени бағдарлама өтеді. Сондай-ақ олар елордадағы әлеуметтік кәсіпорындарға барып, жергілікті жобалармен танысады.
Саммитті Әлеуметтік инновациялық хаб ұйымдастырып отыр. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің, Әлеуметтік инвесторлар қауымдастығының және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, саммиттің ұзақ мерзімді мақсаты – әлеуметтік кәсіпкерлік саласында тәжірибе алмасу, халықаралық әріптестікті дамыту және инвестиция тартуға арналған тұрақты алаң қалыптастыру.
Бұған дейін елордаға алғашқы үш айда келген туристер саны 350 мыңнан асқанын жаздық.