Елордада «Qyran» тұрғын үйіндегі пәтерлерді екі рет сатқандар сотталды
Сот «International Invest Company IIC» ЖШС-ның төрт қызметкерін кінәлі деп танып, оларды 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті тергеу барысында белгілі болғаны пәтер сатып алушыларға нысаның макеті, техникалық паспорт, сенімхат пен компанияның жылжымайтын мүлік нысанына меншік құқығы бар дегенді растайтындай анықтамалар көрсетілген.
«Пәтерлер, үй-жайлар және автотұрақ орындары нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылған, әрі мәмілеле толықтай заңды екені айтылған. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол да, алаяқтық сызбаға қатысушылардың жеке шотына аудару арқылы да жүргізген. Бұл операциялар «International Invest Company IIC» ЖШС-ның бухгалтерлік және банк құжаттарында көрсетілмеген», делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс салушы компанияның қаражатын жымқыруға бағытталған екінші алаяқтық сызбаны да іске асырған. Олар «International Invest Company IIC» ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шартын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген.
Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арызын қанағаттандырды. Сондай-ақ «International Invest Company» ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.