Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру үшін не істеліп жатыр
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев пен Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашов өңірлік коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен онлайн баспасөз конференциясында елордадағы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордада әлеуеметтік маңызы бар өнімдерге қолжетімділік пен тұрақты бағаны қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қолжетімділікті және тұрақты бағаларды қамтамасыз ету – Астана әкімдігі мен Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Елорда үшін бағаның өзгеруіне жедел ден қою ғана емес, олардың өсуін тежеу үшін алдын алу шараларын қабылдау да маңызды.
ӘМАТ бағасының индексі
Жыл басынан бері Астанада әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы 1,3%-ға өсті. Бұл елдегі орташа көрсеткіштен 1,5%-ға төмен. Бағаның өсу қарқыны бойынша елорда 20 өңірдің ішінде 14-15-ші орында.
Салыстыру үшін, 2025 жылы Астанада ӘМАТ бағасының өсуі 7,4%-ды, ел бойынша – 8,6%-ды құрады. 2024 жылы бағалар елордада 1,1%-ға және Қазақстан бойынша орташа есеппен 1,4%-ға төмендеді. Бағаның өсуін тежеуге қаланы қажетті өнім көлемімен уақтылы қамтамасыз ету, өндірушілерден тікелей жеткізуді ұйымдастыру және делдалдар санын қысқарту мүмкіндік береді.
«Айналым механизмі»
Бағаны ұстап тұру үшін елорда әлеуметтік маңызы бар өнімдерді тікелей ауыл шаруашылығы өндірушілерінен жеткізуді алдын ала қамтамасыз етеді.«Айналым механизмі» шеңберінде қазірдің өзінде 18 мың тоннадан астам ӘМАТ-қа келісімшарт жасалды. Өнімдер Түркістан, Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан келеді.
Өнімді сатуға елорданың 190-нан астам сауда нүктелері қатысады. Мұндай механизм қаланы қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жеткізу тізбегіндегі делдалдар санын азайтуға мүмкіндік береді.
Сауда үстемесін бақылау
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15% сауда үстемесінің сақталуын тұрақты негізде бақылайды. Мониторинг апта сайын супермаркеттерде, базарларда және дүкендерде жүргізіледі.Сондай-ақ, жеткізілім тізбегі негізсіз қайта сатуды және делдалдардың бағаны көтеруін анықтау үшін тексеріледі.
Жыл басынан бері өңірлік комиссия 70 отырыс өткізіп, 136 бұзушылықты анықтады. Анықталған фактілер бойынша жалпы сомасы 1,8 млн теңгеден астам әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
«Алқаптан сауда сөрелеріне дейін»
19 қыркүйек пен 25 қазан аралығында Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Әр демалыс сайын елорда тұрғындары өнімді тікелей отандық өндірушілерден сатып ала алады.
Жәрмеңкелерге Қазақстанның 13 облысының өкілдері қатысады. Негізгі қағидат–«алқаптан сауда сөрелеріне дейін». Тікелей жеткізілім делдалдардың санын азайтуға және сатып алушылар үшін қолжетімді бағаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан әрі жәрмеңкелер мына күндері өтеді:
• 19-20 қыркүйек – Қызылорда және Атырау облыстары;
• 26-27 қыркүйек – Абай, Алматы және Маңғыстау облыстары;
• 3-4 қазан – Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары;
• 10-11 қазан – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары;
• 17-18 қазан – Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары;
• 24-25 қазан – Қарағанды және Қостанай облыстары.
Осылайша, әр демалыс сайын елорда тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерден тікелей сатып ала алады.
Отандық өндірісті дамыту
Астанада отандық өндірісті дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жобалар іске асырылуда.
Қазіргі уақытта жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оларды іске асыру шеңберінде 1,6 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда. Биыл ет және сүт өңдеу саласында 12,2 млрд теңге сомасына екі жоба іске қосылды.
Сауда нарықтарын жаңғырту
Елордада «Ұлжан», «Алтай», «Шанхай-Көк базар», «Сарыарқа», «Орталық базар», «Алаш» және «Шарын» сияқты 7 сауда базарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тексерулердің қорытындысы бойынша сауда базарларының иелеріне ұйғарымдар, ескертулер берілді. Объектілерді белгіленген талаптарға сәйкес келтіру жұмыстары жалғасуда.
Негізгі екпін
Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардың өтініштерін қабылдайды және сауда саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылайды.
Күзгі-қысқы кезең қарсаңында негізгі назар ӘМАТ-қа 15% сауда үстемесінің сақталуын бақылауға, өндірушілерден тікелей жеткізілімдерді қамтамасыз етуге және делдалдар санын қысқартуға аударылатын болады. Қабылданып жатқан шаралар кешені азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге және елорда тұрғындары үшін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін сақтауға бағытталған.