Әскердің техникалық әлеуетін дамыту: бүгін – әскери-техникалық саясат мамандарының күні

Әскердің техникалық әлеуетін дамыту: бүгін – әскери-техникалық саясат мамандарының күні
Фото: Қорғаныс министрлігі

10 қыркүйекте Қазақстан Қарулы күштерінің әскери-техникалық саясат саласында қызмет ететін мамандар кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл күн Қорғаныс министрлігінде Әскери-техникалық саясат департаменті құрылған 2009 жылғы 10 қыркүйекпен байланысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскери-техникалық саясат мамандары Қарулы күштердің техникалық әлеуетін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстарды атқарады. Олар қару-жарақ пен әскери техника саласындағы әлемдік үрдістерді зерделеп, жаңа әскери технологияларды талдайды және олардың Қазақстан армиясының қажеттіліктеріне сәйкестігін бағалайды.

Осы талдау негізінде әскерді техникалық жарақтандырудың басым бағыттары айқындалып, қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерін сатып алу, жеткізу көздерін әртараптандыру және қолданыстағы техниканы жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі – отандық қорғаныс өнеркәсібін дамыту. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде қазақстандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктері, технологияларды жергіліктендіру және жаңа өндірістерді игеру әлеуеті ескеріледі.

Қазір отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары қару-жарақ пен әскери техниканың жекелеген түрлерін, радиобайланыс жүйелері мен автоматтандырылған кешендерді шығарады. Әскерге қазақстандық өндірістегі дөңгелекті сауытты машиналар, ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар және заманауи байланыс құралдары жеткізілуде. Сонымен қатар қолданыстағы әскери техниканы жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әскери-техникалық саясаттың тағы бір маңызды бағыты – халықаралық ынтымақтастық. Қазақстан 40-тан астам мемлекетпен және бейінді халықаралық ұйымдармен әскери-техникалық байланыс орнатқан. 18 елмен екіжақты шарттар мен келісімдер жасалған.

Халықаралық комиссиялар мен жұмыс топтары шетелдік тәжірибені зерделеуге, заманауи технологиялық шешімдермен танысуға және бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік береді.

Осылайша, әскери-техникалық саясат тек қару-жарақ сатып алумен шектелмейді. Бұл – әскердің ұзақ мерзімді техникалық дамуын жоспарлау, отандық қорғаныс өнеркәсібінің мүмкіндігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық әріптестікті дамыту бағыттарын қамтитын кешенді жұмыс.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, осы міндеттерді жүзеге асырып жүрген мамандардың кәсіби білімі мен тәжірибесі Қазақстан Қарулы күштерінің техникалық әлеуетін арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған.

Бұған дейін астаналық 35 азамат Ұлттық ұлан қатарында қызмет етуге аттанғанын жаздық.