Apple алғаш рет кітапша тәрізді бүктелмелі iPhone-ды таныстырды
Apple компаниясы тарихындағы ең радикалды дизайн өзгерістерінің бірін жасап, алғаш рет кітапша тәрізді бүктелмелі iPhone ұсынды. Duo деп аталатын жаңа смартфонды компанияның жаңа бас директоры Джон Тернус таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Duo екіге бүктелетін кітапқа ұқсайды. Ашылған кезде шағын iPad тәрізді көрінсе, бүктелгенде кең экранды iPhone формасына енеді. АҚШ-та оның бастапқы бағасы 1999 долларды құрайды, ал ең жоғары бағасы 3199 долларға дейін жетеді.
Бұл – Джон Тернустың Apple бас директоры қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы ірі өнім таныстырылымы. Ол бұған дейін бірнеше жыл бойы компанияның аппараттық құралдарды әзірлеу бөлімін басқарған және жаңа iPhone-ның жасалуына тікелей қатысқан.
Сарапшылардың пікірінше, Тернустың бас директорлыққа келуі дәл осындай маңызды өнімді іске қосу кезеңімен байланысты болуы мүмкін. CCS Insight сарапшысы Бен Вудтың айтуынша, Apple-де ештеңе кездейсоқ болмайды. Ал Creative Strategies сарапшысы Каролина Миланези Тернустың жаңа құрылғының таныстырылымында ерекше рөл атқарғанын атап өтті.
Дегенмен сарапшылар Duo-ның болашағына қатысты тәуекелдер бар екенін де айтады. Forrester сарапшысы Дипанджан Чаттерджидің пікірінше, бүктелмелі iPhone қымбат, бірақ жаппай сұранысқа ие болмайтын өнімге айналуы мүмкін. Қазір Samsung пен Huawei секілді өндірушілердің бүктелмелі смартфондары жалпы смартфон сатылымының шамамен 2 пайызын ғана құрайды.
Apple таныстырылымында бұдан бөлек iPhone 18 Pro және iPhone 18 Pro Max модельдері де көрсетілді. АҚШ-та олардың бастапқы бағасы тиісінше 1199 және 1299 доллар болады.
Компания смартфондардың жаңа буынында жасанды интеллект мүмкіндіктерін де кеңейтті. Siri дауыстық көмекшісі жаңартылып, Siri AI нұсқасына өтеді. Ол iPhone-дағы хабарламалар, электронды хаттар және басқа да ақпарат негізінде сұрақтарға жауап беріп, белгілі бір әрекеттерді пайдаланушы атынан орындай алады.
Apple бас директорының айтуынша, ЖИ функцияларының едәуір бөлігі тікелей құрылғының өзінде жұмыс істейді. Компания бұл тәсіл пайдаланушының жеке деректерінің құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Еске салсақ, бұдан бұрын iPhone-дағы iCloud бұлттық қоймасына қатысты алаяқтық схема пайда болғаны хабарланған еді.