Қауіпті ойын: Оралда жасөспірімдер автобусқа жабысып жүрген

Бүгін, 16:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қауіпті ойын: Оралда жасөспірімдер автобусқа жабысып жүрген
видеодан скриншот/instagram.com/oral_polisia_basqarmasy

Орал қаласында үш жасөспірім жүріп бара жатқан автобустың артқы бөлігіне жабысып, қауіпті әрекетке барған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда кәмелетке толмағандардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орал қаласының Полиция басқармасына сілтеме жасап.

Оқиға 3 қарашада сағат 18:30 шамасында Абай даңғылында болған. 8–9 сынып оқушылары №22 бағыттағы автобустың артқы жағына жасырын жабысып, аяқтарын көліктің бөлшектеріне тіреп, қозғалыс кезінде бірге жүрген.

«Оқиға туралы ақпарат алған полиция қызметкерлері бейнежазбаны аумақтағы мектептердің полиция инспекторларына жолдады. Нәтижесінде жасөспірімдердің қала мектептерінің бірінде оқитыны анықталды», - делінген хабарламада.

Полиция мектеп әкімшілігімен бірлесіп, оқушылар мен олардың ата-аналарын мектепке шақырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жасөспірімдерге мұндай әрекеттің адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні ескертілді.

Сондай-ақ, ата-аналары кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Осыған байланысты полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне және бос уақытында немен айналысатынына мұқият назар аударуға шақырды.

Еске салсақ, Астанада жол қозғалысына кедергі келтіргендер 5 тәулікке қамалды.