Астанада «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында дөңгелек үстел өтті

Бүгін, 18:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында дөңгелек үстел өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында «Оқитын ұлт – өркениетке бастар жол» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz  Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, кітапхана мен архив басшылары, жазушылар, баспагерлер және әдебиет қайраткерлері қатысты.

Кездесуде Мәдениет және ақпарат министрлігінің кітап оқу мәдениетін дамыту және «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын өткізу бағытындағы жұмысының нәтижелері таныстырылды.

«Бүгінге дейін марафон аясында 120 мың адамды қамтыған 3 мыңға жуық іс-шара өтті. Қатысушылар 574 мыңнан астам кітап оқып, 50 мыңға жуық бейнепікір жариялады», - делінген хабарламада.

Кейінгі екі аптада оқылған кітаптар мен пікірлер саны 2,6 есе, ал бейнепікірлер саны 2,5 есе артты. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарының оқырманы жоғары белсенділік көрсетті.

Жиында «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеудің маңызы да сөз болды. Тұжырымдама кітап оқуды насихаттайтын бастамаларды жинақтап, жүйелі түрде дамытуға, қолданыстағы жобаларды нығайтуға және кітап оқуды қоғамның тұрақты дағдысына айналдыруға бағытталмақ.

Дөңгелек үстелге қатысушылар отандық кітап индустриясын дамыту, әдеби платформалардың мүмкіндіктерін пайдалану, кітап оқуды насихаттау бағытында кітапханалардың жұмысын жандандыру және әдебиетке құштар ұрпақ тәрбиелеу мәселелерін талқылады.

Еске салсақ, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесті.