Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Президент реформаларын өңір тұрғындарымен талқылады

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Президент реформаларын өңір тұрғындарымен талқылады
Фото: Қазақстан Халық Кеңесі

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Сағынғазы Құрманалин мен Гүлқасима Сүйінтаева Ақтөбе өңірінің тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айқындалған негізгі міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан Халық Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесулерге студенттер мен оқытушылар, кәсіпкерлер, медицина қызметкерлері және еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты. Жиындарда Президент бастамаларының негізгі бағыттары мен олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызы сөз болды.

Атап айтқанда, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Сағынғазы Құрманалин студенттермен және оқытушылармен кездесті.

Басқосуда жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, жас ғалымдарды қолдау және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту мәселелері талқыланды.

Сағынғазы Құрманалин Президент Жолдауында көтерілген бастамалардың білім сапасын арттыруға, студенттердің цифрлық дағдыларын дамытуға және білім беру бағдарламаларын заман талабына сай жаңартуға бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін Жетісу облысында Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттер талқыланғаны хабарланған еді.