Құрылтай депутаты Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға қатысты үндеу жариялады. Депутат Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтарға тоқталып, қоғамды ел дамуы жолында бірігуге шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айдос Сарымның айтуынша, Президент Жолдауында инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік саланы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды міндеттер қойылған.
«Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр», – деді депутат.
Үндеуде Президенттің 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялау бастамасына ерекше назар аударылды. Осы кезеңде елімізде инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар салу, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту көзделген.
Сондай-ақ энергетикалық дербестікті нығайту, транзиттік әлеуетті арттыру, ауыл шаруашылығын дамыту және Қазақстанды Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру міндеттері атап өтілді.
Депутат цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттау мәселелерінің де маңыздылығына тоқталды.
Айдос Сарым Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын қолдайтынын және оны заңнамалық, сараптамалық әрі қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге күш жұмылдыратынын жеткізді.
«Ұлы мақсаттар қай кезде де ұлы бірлікті талап етеді. Жеңімпаз ұлттың, жасампаз ұлттың күші – береке-бірлікте! Сондықтан осындай тарихи сәтте біз әр азаматты, тұтас қоғамды болашақ үшін, мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосып, атсалысуға шақырамыз!» – делінген үндеуде.
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бұл үндеу барлық фракция депутаттарының ортақ ұстанымын білдіретінін атап өтіп, әріптестерін Президент айқындаған бағытты қолдауға шақырды.
Бұған дейін Құрылтайдың ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заң жобасын мақұлдағаны хабарланған еді.