Ольга Қалдыбаева: Президент Жолдауында қалаларды дамытудың жаңа міндеттері айқындалды

Бүгін, 09:55
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ольга Қалдыбаева: Президент Жолдауында қалаларды дамытудың жаңа міндеттері айқындалды
Фото: ҚСЗИ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қалалардың ел дамуындағы рөліне ерекше назар аударды. «Қуатты қалалар қуатты өңірлердің, ал қуатты өңірлер қуатты мемлекеттің негізін қалайды» деген қағидат Қазақстанның экономикалық әлеуеті көбіне қала орталықтарының мүмкіндіктеріне байланысты екенін көрсетеді. Инфрақұрылым, білім беру, ғылым, технологиялар мен адами капитал дәл осы қалаларда шоғырланған. Алайда қалалардың стратегиялық маңызы осы ресурстардың жинақталуымен ғана емес, оларды тиімді пайдалануға жағдай жасау қабілетімен де айқындалады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Қоғамдық пікірді зерттеу бөлімінің бас сарапшысы Ольга Қалдыбаева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің сөзінше, Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанның қала халқы шамамен 13,2 млн адамды немесе ел халқының 64,2%-ын құрады. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада 90 қала, оның ішінде халқы миллионнан асатын үш қала – Алматы, Астана және Шымкент бар. Бұл көрсеткіштер қала саясатының маңызы артып келе жатқанын аңғартады: урбандалу үдерісі күшейген сайын қалалық ортаның сапасы, адами капиталды дамыту және қала ресурстарын тиімді басқару барған сайын өзекті бола түсуде.

- Ірі қалалардың экономикалық маңызын олардың ұлттық экономикаға қосқан үлесі растайды. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2025 жылдың қорытындысында Алматы, Астана және Шымкент қалаларының жиынтық үлесіне Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен 38,7%-ы тиесілі болды. Экономикалық белсенділіктің осылай шоғырлануы қала орталықтарының дамуы олардың әкімшілік шекарасынан тыс аумақтар үшін де маңызды екенін көрсетеді. Сонымен қатар қалалардың экономикалық әлеуетін өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі арқылы ғана емес, оның адами капиталды дамытуға, тұрғындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және қала ресурстарын тиімді пайдалануға қаншалықты ықпал ететіні арқылы да бағалау маңызды.

Қаланың дамуы адами капиталдың өсуімен тікелей байланысты. Сапалы білім мен медициналық қызметтердің, заманауи жұмыс орындары мен қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігі тұрғындардың кәсіби дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктеріне әсер етеді. Бұл ретте өзара байланыс бар: дамыған қалалық орта адамның әлеуетін ашуға ықпал етсе, білікті әрі бастамашыл тұрғындар қаланың экономикалық және технологиялық дамуының аса маңызды ресурсына айналады. Сондықтан қала инфрақұрылымына салынған қаражатты адами капиталға салынған инвестиция ретінде де қарастырған жөн.

Алайда қала құрылысының кеңеюі мен инфрақұрылым нысандары санының артуы өздігінен өмір сүру жағдайының жақсаруына кепілдік бермейді. Қала ресурстарын – жер учаскелерін, коммуналдық желілерді, көлік инфрақұрылымын, бюджет қаражатын және қоғамдық кеңістіктерді тиімді басқарудың маңызы зор. Осы салалардағы шешімдердің үйлеспеуі инвестициялардың қайтарымын төмендетуі мүмкін. Керісінше, кешенді жоспарлау тұрғын аудандардың дамуын көлік, инженерлік жүйелер және әлеуметтік инфрақұрылым мүмкіндіктерімен үйлестіруге жағдай жасайды.

Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің ірі қалаларды дамытудың орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеу жөніндегі тапсырмасы ерекше маңызға ие. Мұндай жоспарлар инфрақұрылымдық шешімдерді әлеуметтік-экономикалық міндеттермен және тұрғындардың қажеттіліктерімен ұштастыра алады. Перспективалы жобаларды айқындаумен шектелмей, олардың дәйекті іске асырылуын, ресурстарды бөлудің негізділігін және жауапты органдар іс-қимылының үйлесімділігін қамтамасыз ету маңызды. Мұндай тәсілде қала жекелеген нысандардың жиынтығы емес, өзара байланысты жүйе ретінде қарастырылады, - деді Ольга Қалдыбаева.

Оның сөзінше, қала инфрақұрылымының цифрлық егіздерін жасау тиімді басқаруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

- Бұл құралдар инженерлік желілер мен көлік жүйелерінің жай-күйін талдауға, жүктемені болжауға және жоспарланған өзгерістердің салдарын бағалауға мүмкіндік береді. Олардың практикалық құндылығы басқарушылық шешімдердің негізділігін арттыруда жатыр: ресурстар ең алдымен жаңғырту қажеттілігі аса жоғары бағыттарға жұмсалуы мүмкін. Сонымен бірге нәтиже деректердің дұрыстығына және олардың жоспарлау барысында іс жүзінде пайдаланылуына байланысты.

Қала ресурстарын тиімді басқарудың әлеуметтік қыры да бар. Көлік қозғалысын ұтымды ұйымдастыру уақыт шығынын азайтады, сенімді коммуналдық инфрақұрылым күнделікті өмірдің жайлылығын арттырады, ал білім беру және мәдени кеңістіктердің қолжетімділігі тұрғындардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осылайша, қаланы басқару сапасы инфрақұрылымның жай-күйіне ғана емес, адами капиталды жинақтау мен іске асыру жағдайларына да әсер етеді.

Қалалардың дамуының өңірлік әсері де маңызды. Ірі қалалар айналасындағы аумақтармен байланысын нығайта отырып, экономикалық белсенділіктің, білім мен технологиялардың орталығына айнала алады. Алайда қалаларға басымдық беру ауылдық елді мекендерді дамыту қажеттілігін жоққа шығармайды. Теңгерімді өңірлік саясат инфрақұрылымды жақсарту мен халықтың мүмкіндіктерін кеңейту ірі қала орталықтарының әкімшілік шекарасымен шектелмеуге тиіс екенін білдіреді.

Президент айқындаған қауіпсіз, жайлы әрі абаттандырылған қалалық орта қалыптастыру міндеті ерекше мазмұнға ие. «Таза Қазақстан» қағидаттарымен ұштасқанда, бұл міндет қоршаған орта мен қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қараудың маңызын көрсетеді. Жайлы қала – тек абаттандырылған аумақ қана емес, адамның білім алып, еңбек етіп, қабілеттерін дамытып, қоғамдық өмірге қатысуына мүмкіндік беретін орта.

Осылайша, аталған басымдықтардың стратегиялық мәні қалалық ортаны, адами капиталды және ресурстарды басқару тетіктерін үйлесімді дамытуда жатыр. Қуатты қала – экономикалық, инфрақұрылымдық және технологиялық әлеуетті тұрғындар үшін нақты мүмкіндіктерге айналдыра алатын аумақ. Қалалардың дәл осындай дамуы өңірлердің әлеуетін нығайтып, Қазақстанның одан әрі дамуына берік негіз қалыптастыра алады, - деп атап өтті ол.