Қазақстан Азия даму банкінен 227,4 млрд теңге қарыз алады

Қазақстан Азия даму банкінен 227,4 млрд теңге қарыз алады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан Азия даму банкінен 227,4 млрд теңге көлемінде қарыз тартуды жоспарлап отыр. Құрылтай тиісті келісімді ратификациялау туралы заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан мен Азия даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған. Құжат қаржылық басқару және қаржы секторын реформалау бағдарламасының екінші шағын бағдарламасы аясында әзірленген.

Келісімге сәйкес, Қазақстан 3,4 млрд қытай юанін немесе 227,4 млрд теңге көлемінде қарыз тартады.

Қарызды өтеу мерзімі – 15 жыл. Оның алғашқы үш жылы жеңілдік кезеңі болып есептеледі. Пайыздық мөлшерлеме жылдық 1,69% деңгейінде белгіленген. Ал игерілмеген қаражат үшін жылына 0,15% комиссия төлеу көзделген.

Қарыз қаражаты республикалық бюджет шығыстарын қаржыландыруға бағытталады. Атап айтқанда, әлеуметтік сала, көлік инфрақұрылымы, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарға жұмсалмақ.

Бұған дейін Қазақстанға ОАӨЭЫ елдерінен 20 жылда $30 миллиардтан астам инвестиция тартылғаны хабарланған еді.