Михаил Шайдоров жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық турниріне қатысады
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Словакия астанасы Братиславада өтетін Nepela Memorial халықаралық турниріне қатысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс 24-27 қыркүйек аралығында өтеді. Nepela Memorial турнирі мәнерлеп сырғанаудан 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series сериясына кіреді.
Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында өнер көрсетеді. Алдын ала қатысушылар тізіміне 29 спортшы енгізілген.
Братиславадағы жарыс Шайдоров үшін 2026 жылғы жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық турнир болмақ. Ол бұған дейін Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салған еді.
Қазақстандық спортшы Олимпиадада қос бағдарлама қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, чемпион атанды.
Бұған дейін Астана 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын қабылдайтынын жаздық.