«Еңбек жолы» байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары анықталды
Қазақстанның барлық өңірінде жыл сайын өтетін «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңі аяқталды. Байқау комиссияларының шешімімен үш номинация бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бірінші орын алғандар республикалық кезеңде өз өңірлерінің намысын қорғайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
«Еңбек жолы» байқауын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2014 жылдан бері өткізіп келеді. Негізгі мақсаты еңбектің және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, тәлімгерлікті дамыту, сондай-ақ еңбек дәстүрін сақтау мен кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Биыл байқаудың өңірлік кезеңіне жергілікті атқарушы органдар арқылы барлығы 423 өтінім келіп түсті. Оның ішінде «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері» номинациясы бойынша 172, «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясына 165, ал «Үздік еңбек династиясы» номинациясы бойынша 86 өтінім қабылданды.
Өтінім саны бойынша Ақмола облысының қатысушылары белсенділік танытты. Өңірден барлығы 52 өтінім келіп түсті. Оның 11 өтінімі «Үздік еңбек династиясы», 15-і «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», ал 26 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша берілді.
Қызылорда облысынан барлығы 40 өтінім қабылданды. 8 өтінім «Үздік еңбек династиясы», 22 өтінім «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», 10 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша келді.
Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысынан 13 өтінімнен келіп түсті. Шымкент қаласында 2 өтінім «Үздік еңбек династиясы», 5 өтінім «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері», 6 өтінім «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациялары бойынша тіркелді. Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш тиісінше 2, 8 және 3 өтінімді құрады.
«Байқау еңбек дәстүрлері мен кәсіби дамуды насихаттайтын үш номинация бойынша өткізіледі. «Үздік еңбек династиясы» номинациясы бір отбасының бірнеше буыны еңбек ететін әулеттерді біріктіреді. Яғни отбасы мүшелері ұзақ жылдар бойы бір немесе бірнеше салада еңбек етіп келеді. «Үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері» номинациясында тәжірибелі мамандардың жастарды үйретуге, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына және дамуына қосқан үлесі бағаланады. Ал «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясы өз ісін жақсы меңгерген, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүрген және жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жас мамандарды анықтауға бағытталған», - делінген хабарламада.
Байқаудың өңірлік кезеңін өткізу үшін барлық облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада арнайы комиссиялар жасақталды. Олардың құрамына өңір әкімдерінің орынбасарлары, кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктері, қауымдастықтары, одақтарының өкілдері кірді.
Барлық өңірде байқау комиссияларының отырыстары өткізіліп, өңірлік кезеңнің қорытындысы шығарылды. Үш номинацияның әрқайсысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, бірінші, екінші және үшінші орындар сараланды. Номинациялар бойынша бірінші орын алған қатысушылар «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңіне жолдама алды.
Биыл байқаудың республикалық кезеңі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтпек. Байқау қорытындысы бойынша үздік еңбек династиясы, үздік жұмыс істейтін жастар тәлімгері және үздік жас өндіріс қызметкері номинациялары бойынша ел үздіктері анықталмақ.
Өңірлік кезең жеңімпаздарын марапаттау Еңбек күніне арналған іс-шаралар аясында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана әкімдерінің қатысуымен өтеді.
«Еңбек жолы» байқауы еңбек адамын құрметтеуге, кәсіби шеберлікті дәріптеуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар байқау ел экономикасы мен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдары мен еңбек династияларын кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, қыркүйек айының басынан бері Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары болып тұр.