Қазақстан боксына тұңғыш Азия ойындарының алтын жүлдесін сыйлаған Нұржан Сманов

Қазақстан боксына тұңғыш Азия ойындарының алтын жүлдесін сыйлаған Нұржан Сманов
Фото: Нұржан Смановтың жеке мұрағаты

1994 жылы Хиросимада өткен XII жазғы Азия ойындары Қазақстан үшін тәуелсіз ел ретінде алғашқы ірі спорттық додалардың бірі болды. Сол жарыста 67 келідегі Нұржан Сманов бокстан ел қоржынына тұңғыш алтын жүлдені салды. Осы орайда атақты боксшы Elordainfo.kz тілшісіне сол кездегі ұлттық құраманың дайындығын, жарыс алдындағы сәттер және Жапониядан елге оралғандағы ерекше қарсы алу бойынша ойымен бөлісті.

- Нұржан аға, өткен тарихқа назар аударсақ, 1994 жылы Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында бокстан алғашқы алтын жүлдені өзіңіз алған екенсіз. Сол сәтте қандай әсерде болдыңыз?

- 1994 жылы Қазақстан мен жазғы Азия ойындарының ұйымдастырушылары үшін де тарихи жайт болды. Біріншіден, 1990 жылы Бейжіңде өткен жазғы Азия ойындарына 31 елден 6 122 спортшы қатысса, 1994 жылы Хиросимада рекордтық 42 мемлекеттен 6 828 спортшы бас қосты. Олардың арасынан әрине, тәуелсіздікті енді алған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан дебют жасады. Жарыс деңгейі өте жоғары болды. Бокстағы жолым оңай болды деп айта алмаймын. Бірінші айналымда Түрікменстан өкілі Нуриддин Атаковтан 16:6 есебімен басым түстім. Жартылай финалда жеребе басты қос фаворитті жолықтырды. Мен 1994 жылғы Азия чемпионы болсам, Өзбекстан спортшысы 1994 жылы маусым айында ғана Әлем кубогында топ жарған еді.

Шиеленісті өткен айқаста 17:15 есебімен таразы басын өз жағыма бұрдым. Финалда Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері, 1994 жылғы Әлем кубогының финалисі Аркхом Ченглаймен (Тайланд) жекпе-жек ұзаққа созылмады. Бірінші раундта-ақ оны 3 рет нокдаунға түсіріп, айқын басымдықпен жеңіске жеттім. Менен бөлек, 71 келідегі Қанатбек Шағатаев та чемпиондық атаққа қол жеткізді.

- Қазір бокстағы ардагер ағаларымыздан біздің кезде жағдай онша болмады деп естіп жатамыз. 1994 жылғы Азия ойындарына қалай дайындалып едіңіздер? Киім, витамин және оқу-жаттығуға жағдай жасалып па еді?

- 1994 жылдың басында Бекет Махмұтов ағамыз ҚР Бокс федерациясының президенті болып тағайындалды. Сол кісінің арқасында Қазақстан құрамасының боксшылары жеңіске көп жете бастады. Біріншіден командамыздың  ауызбіршілігі жақсы болды. Киіммен толықтай қамтамасыз етілді. Халықаралық ірі додаларда жүлде алған боксшыға қосымша ақшалай сыйақы берілді. Жаттығатын базамыз, тамағымыз бәрі жақсы жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. 

- 1994 жыл ұлттық құраманың жаңадан жасақталып жатқан кезі ғой. Сол кезде сіздерге жүлде бойынша қандай жоспар қойылып еді?

- Бастапқыда бізге 3 алтын алу міндеттемесі қойылды. Неге? Өйткені біз 1994 жылы жазғы Азия ойындарына дейін 2 ірі жарыста өнер көрсеттік. Қаңтар айында Иран астанасы Тегеранда өткен Азия чемпионатында 5 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте бірінші орынға тұрақтадық. Команда сапынан Болат Жұмаділов (48 келі), Болат Ниязымбетов (63,5 келі), Қанатбек Шағатаев (71 келі), Аркадий Топаев (75 келі) және мен топ жардым. Мен Азия чемпионы атанып қана қоймай, сары құрлықтың «ең үздік боксшысы» номинациясын иелендім.

Ал маусым айында Тайланд астанасы Бангкокта Әлем кубогына қатыстық. Ол жақта Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде еншіледі. Жігіттеріміздің арасынан 75 келідегі Аркадий Топаев алтын медальді мойынына тақты. Өкінішке қарай, мен бірінші айналымда 1993 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Сергей Городничевпен (Украина) жұдырықтасып, 8:12 есебімен есе жібердім. Жапониядағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлдемен жалпы есепте Филиппиннен кейінгі екінші орынды иеленді.

- Жапонияға барған сәтте алғашқы әсеріңіз қандай болды? Хиросиманың дамып кеткені, қаланың көрінісі таңғалдырды ма?

- Жапония дамыған ел.1994 жылдың өзінде Хиросима қаласы атом бомбасы түскен қалаға мүлдем ұқсамады. Жапон елі өте мәдениетті, білімді. Көшенің тазалығын айта алмайсың. Қоқыс таба алмайсын, адамдардың бір-біріне сәлем беруі, сыпайы сөйлесуі мені таңғалдырды.

- 1994 жылдары қазіргідей барлығын тікелей эфирде көру мүмкін емес еді ғой. Жазғы Азия ойындары сәтіндегі жекпе-жектеріңіз сақталып па еді?

- Ол кезде тікелей эфир жоқ еді. Бірақ теледидар арқылы ақпараттар беріліп отырды.

- Алтын медаль алғаннан кейін елге оралғанда сізді қалай қарсы алды? Сол сәт есіңізде ерекше сақталған шығар?

- Әрине, Алматыдан бастап әуежайда қазақ елі құттықтап қарсы алды. Шымкент қаласына келген кезімізде де делегация күтіп алған. Облыс әкімі, қала әкімі қабылдап марапаттады. Телеарналарға бардық, сұхбаттар бердік.

- Сұхбатыңызға рахмет!