Астанада жүк көлігінен екі аккумулятор ұрлаған ер адам ұсталды - ВИДЕО
Астанада екі аккумуляторды ұрлады деген күдікпен 33 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, таңғы уақытта ер адам Shacman маркалы көліктің аккумулятор орналасқан бөлігін ашқан. Кейін екі аккумуляторды кезекпен алып шыққан. Алғашқы аккумуляторды алған соң, кейін қайта оралып, келесі аккумуляторды алып кеткен.
Ұрланған мүлікті ер адам кейін техникалық қызмет көрсету станцияларында кезекпен сатып, одан түскен ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Келтірілген материалдық шығын көлемі 200 мың теңгені құрады.
«Күдіктінің жеке басы бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы анықталды. Ер адам елорда аумағында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция көлік иелеріне қосымша қауіпсіздік шараларын сақтап, мүлікті тиісті қорғаныссыз қалдырмауды ескертті. Сенімді бекіткіштер мен қосымша ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдалану мұндай ұрлықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Астанада ата-аналарды сан соқтырған адам ұсталды.