Елімізде төрт жолақты автомобиль жолының ұзындығы 4,4 мың шақырымға дейін ұлғайды
Мемлекет басшысының автомобиль жолдары желісін дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыру аясында соңғы алты жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, жөнделді. Оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық маңызы бар және 18,5 мың шақырым жергілікті маңызы бар жол, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
2020-2026 жылдар аралығында «Астана – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань», «Меркі – Бұрылбайтал», «Қалбатау – Майқапшағай», Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, «Үшарал – Достық», «Қостанай – Денисовка», «Подстепное – Федоровка», «Ұзынағаш – Отар» және «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» сияқты ірі жобалар аяқталды.
«Республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 89%-дан 93%-ға, жергілікті жолдар бойынша 71%-дан 91%-ға дейін өсті. Сонымен қатар төрт жолақты автомобиль жолының ұзындығы 2,3 мың шақырымнан 4,4 мың шақырымға дейін ұлғайды. Автомобиль жолдарының техникалық параметрлерін жақсарту нәтижесінде жекелеген учаскелерде көліктің орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан 140 шақырымға дейін артты. Соның нәтижесінде бірқатар негізгі бағыт бойынша жол жүру уақыты шамамен екі есеге қысқарды», делінген хабарламада.
Автомобиль жолдарының дамуы ішкі туризмнің өркендеуіне де ықпал етуде. Қазіргі уақытта 24 туристік нысанға тұрақты көлік қатынасы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жол бойындағы сервис инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы кезеңде 412 жол бойындағы сервис нысаны салынды. Нормативтік талаптарға сәйкес келетін нысандардың үлесі 66%-дан 94%-ға дейін артты.
Автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың тұрақты жүйесін қалыптастыру мақсатында ақылы жолдар желісі кеңейтілді. Бұған дейін ақылы жолдардың ұзындығы 700 шақырым болса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 6,2 мың шақырымға жетті.
Еске салсақ, 2028 жылдың соңына дейін республикалық жол желісінің 10 мың шақырымы орташа жөнделмек.