Шығыс Қазақстан облысында Тереңсай асуын айналып өтетін жаңа жол мен Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір ашылды. Нысандардың ашылуына өңірге жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы шамамен 12 шақырым болатын жаңа жол көліктерге қауіпті серпантинге соқпай, асуды айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл жол жүру уақытын қысқартып, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға және жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Жаңа бағыт Өскемен қаласы мен Алтай, Үлкен Нарын және Қатонқарағай аудандары арасындағы көлік қатынасын жақсартады. Сондай-ақ «Бұқтырма» су қоймасына, «Қатонқарағай» ұлттық табиғи паркіне және «Рахман қайнары» шипажайына баратын туристер үшін қолайлы жағдай жасайды.
«Бүгінгі жаңа жол Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыра түссін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өскемендегі Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жаңа жол айырығының құрылысымен танысты. Мұнда көлік қозғалысы қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, кезең-кезеңімен ашылады.
Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев Өскемен қаласындағы Гематология орталығының ашылуына қатысты. Нысанның құрылысы 2020 жылы басталған. Өткен жылы Президент тапсырмасымен құрылысты аяқтауға Арнаулы мемлекеттік қордан қаржы бөлу көзделген.
Бұдан бөлек, Үкімет басшысының бірінші орынбасары өңірдегі стратегиялық энергетикалық нысандар – Өскемен су электр станциясы мен Өскемен жылу электр орталығында болды.
Ол Өскемен СЭС-індегі төртінші гидроагрегатты жаңғырту жұмыстарын көріп, жабдықтардың тиімділігі мен сенімді жұмысын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.
