Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуді ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Жолдаудың елдегі ауқымды саяси өзгерістер кезеңінде жарияланғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжаттың Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар және ол Қазақстанның алдағы даму бағыттарын айқындайды.

РФ Президентінің стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары Антон Рыбаков Жолдаудың жасампаздық сипатына тоқталып, саяси реформалармен қатар инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды дамытуға басымдық берілгенін айтты.
Ал Ресей СІМ ТМД елдері жөніндегі Үшінші департаментінің директоры Александр Стерник Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге назар аударды.
«Биылғы жыл аса маңызды референдумның, конституциялық реформаның, жаңа Парламенттің жасақталуының және Мемлекет басшысының мұқият тексерілген стратегиясы негізінде биліктің барлық эшелондарының қайта құрылуының куәсі болды», – деді ол.
Ресей СІМ Экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский Қазақстан мен Ресейдің экономикалық байланыстарына тоқталды.
«Біздің географиялық орналасуымыз, көршілестігіміз, тығыз серіктестік және одақтастық байланыстарымыз екі ел үшін де тиімді win-win жағдайына мүмкіндік береді», – деді дипломат.
Ол сондай-ақ Қазақстанның инвестиция тарту бағытындағы жетістіктерін атап өтіп, соңғы жылдары елге 150-160 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылғанын айтты.

Жиында сарапшылар Жолдаудың әлеуметтік-экономикалық бағыттарына да баға берді. Алексей Власов пен Александра Перминова құжатта азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, өзекті мәселелерді шешуге және мемлекеттік институттардың тиімділігін күшейтуге басымдық берілгенін атап өтті.
Журналист әрі жазушы Леонид Млечин Мемлекет басшысының халықтың күнделікті мәселелерінен хабардар болуына назар аударса, Президенттік академияның проректоры Андрей Марголин Жолдаудың теңгерімді сипатын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанның егемендігін нығайту ұлттық мүдделерді сақтай отырып, халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамытумен ұштасады.
«ГеоЭнергетика» журналының бас редакторы Борис Марцинкевич Қазақстанның бейбіт атом энергетикасын дамыту жөніндегі ұстанымына тоқталды. Ал «Экономика жоғары мектебі» университетінің сарапшысы Вячеслав Иванов Жолдауда көтерілген мәселелер халықаралық ғылыми ортада да зерттелетінін айтты.
Кездесу қорытындысында қатысушылар Қазақстандағы саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық бастамалардың маңызын атап өтіп, Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру ел дамуының келесі кезеңіндегі негізгі бағыттардың бірі болатынына назар аударды.
Бұған дейін Астанада газ саласына қатысты міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланғаны хабарланған еді.