Астанада былтыр отырғызылған алма мен алмұрт ағаштары жемісін берді
Астананың Байқоңыр ауданында өткен жылы отырғызылған 80 түп алма және алмұрт ағашы биыл алғашқы жемісін берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жас көшеттер Ж.Тәшенов көшесіндегі гүлзар аумағына отырғызылған болатын. Бір жыл ішінде ағаштар жақсы бейімделіп, биыл алғашқы жемістерімен аудан тұрғындарын қуантты.

«Абаттандыру және көгалдандыру жұмысы ауданның қоғамдық кеңістіктерін көркейту аясында жүргізіліп, тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, күзгі көгалдандыру жұмысы аясында аудан аумағындағы көшелер мен қоғамдық кеңістерде тағы 500-ге жуық жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.
Ауданда жасыл желектерді күтіп-баптау және аумақтарды одан әрі көгалдандыру жұмысы жүйелі түрде жүріп жатыр.

Еске салсақ, Астанадағы «Сарыарқа» ауданында 170-тен астам аула жаңартылды.