Астанада қалдықтарды энергияға айналдыратын зауыт салынады

Астанада қалдықтарды энергияға айналдыратын зауыт салынады
Фото: ОКҚ

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды өңдеп, электр және жылу энергиясын өндіретін үш кәсіпорын салу жоспарланып отыр. Нысандарды 2028-2029 жылдары іске қосу көзделген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы аталған үш қалада қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату нысандарын салу жөнінде қытайлық компаниялармен инвестициялық келісімдер жасалған. Жобалардың жалпы құны 293 млрд теңгені құрайды.

«Дайындық жұмыстары жүргізілуде, нысандарды 2028-2029 жылдары іске қосу жоспарланған. Бұл кәсіпорындар полигондарда қалдықтарды көму көлемін қысқартуға және бір мезгілде электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді», – деді Жомарт Әлиев.

Вице-министрдің мәліметінше, бүгінде еліміздің басқа өңірлерінде де осындай жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Қарағандыда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату нысанын салу мәселесі пысықталуда.

Бұған дейін Қазақстанда күнбағыс майын өндіруден қалған қауыз экспорттық табыс көзіне айналып келе жатқанын жазған едік.