Астанада ҮЕҰ өкілдеріне әлеуметтік желіде контент жасаудың заманауи тәсілдері таныстырылды

Бүгін, 15:36
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада ҮЕҰ өкілдеріне әлеуметтік желіде контент жасаудың заманауи тәсілдері таныстырылды
Фото: Думан Аманжол

Астанада үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне арналған «Үлкен командасыз контент жасау: Reels, визуал және ҮЕҰ үшін контент жасаудың заманауи құралдары» тақырыбында тренинг өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара барысында қатысушылар әлеуметтік жобаларды ақпараттық сүйемелдеу, Reels форматында контент әзірлеу, визуалды материалдар дайындау және заманауи цифрлық құралдарды тиімді пайдалану жолдарымен танысты. Сонымен қатар үлкен командасыз әлеуметтік желілерде тұрақты әрі нәтижелі коммуникация құру тәсілдері қарастырылды.

Тренинг спикері, жаңа медиа саласының сарапшысы Ұлан Әбішевтің айтуынша, семинардың негізгі мақсаты – азаматтық сектор өкілдеріне әлеуметтік желімен тиімді жұмыс істеудің қарапайым әрі қолжетімді әдістерін үйрету.

«ҮЕҰ өкілдері көптеген маңызды жұмыстар атқарады. Алайда кейде сол еңбегін әлеуметтік желі арқылы дұрыс көрсете алмай жатады. Семинардың мақсаты – күрделі тәсілдерсіз сапалы контент жасау жолдарын көрсету», – деді Ұлан Әбішев.

Тренингке ҮЕҰ басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен белсенділер қатысты. «Diabetes Academy KZ» жеке қорының директоры Рашид Әбішев оқу курсының қатысушылары үшін пайдалы ақпарат көп екенін атап өтті.

«Бір аптадан бері Азаматтық бастамалар орталығында әртүрлі тақырып бойынша семинарлар мен дәрістерге қатысып жүрміз. Бүгін әлеуметтік желіні пайдалану жөнінде көптеген пайдалы ақпарат алдық. Бұған дейін білмеген дүниелерімізді үйреніп жатырмыз», – деді ол.

Айта кетейік, NGO Academy оқу курсы 7–19 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Бағдарлама аясында әлеуметтік жобалау, гранттық қаржыландыру, фандрайзинг, қаржылық және құқықтық сауат, PR, цифрлық құралдар және жасанды интеллект бағыттары қамтылған.

Оқу курсының қорытындысы бойынша қатысушылар өзінің әлеуметтік бастамасын таныстыра алады. Үздік деп танылған бес жобаға оларды іске асыру үшін әрқайсысына 500 мың теңгеден грант беріледі.

Айта кетейік, жыл сайынғы «NGO Academy: ҮЕҰ-ны басқару мен дамытудың заманауи құралдары» оқу курсын «Даму» Қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша ҮЕҰ-ларға арналған Азаматтық (ресурстық) орталықтың қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында өткізіп келеді.