Астанада «Cyber steppe 2026» конференциясы басталды
Республикалық Киберқауіпсіздік айы аясында Халықаралық ЖИ орталығы Alem.ai алаңында MSSP Global компаниясы ұйымдастырған екі күндік конференциясы басталды. Іс-шарада мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдері мен сарапшылардың қатысуымен цифрлық ортада қауіпсіздік талаптарын сақтау және қауіпсіз әрекет ету дағдыcын қалыптастыру мәселелері талқыланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Конференцияны ашқан Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев биыл елімізде Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» заң күшіне енгенін атап өтті.
«Дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама жетілдірілді. Ал Еңбек кодексінде алғаш рет жұмыс берушілер мен қызметкерлердің киберқауіпсіздік пен кибермәдениетке қатысты міндеттері бекітілді. Бұл жұмыстың заңды жалғасы ретінде Киберқауіпсіздік айы жарияланды. Айлық аясында еліміздің барлық өңірінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, киберсабақ, өңірлік форумдар мен практикалық іс-шаралар өтіп жатыр. Айлықты ашып отырған Cyber Steppe конференциясынан бастап, оны қорытындылайтын KazHackStan 2026 іс-шарасына дейін түрлі форматтағы жұмыс ұйымдастырылуда. Біздің басты мақсатымыз – азаматтарға интернеттегі алаяқтық пен киберқауіптерді анықтауды, өздерінің дербес деректеріне жауапкершілікпен қарауды және цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды үйрету», – деді ол.
Конференцияға ақпараттық қауіпсіздік мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың, бизнестің, банк секторының, стартаптар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатысып жатыр.
10 қыркүйектегі бағдарлама киберқауіпсіздік талаптарын формалды түрде орындаудан нақты киберқауіпсіздік деңгейін арттыруға көшу мәселесіне арналады. Іскерлік бағдарлама аясында мемлекеттік және корпоративтік секторда киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, ұйымдарға Shadow AI технологиясының әсері және онымен байланысты тәуекелдер талқыланады.
Сарапшылар қорғаныс жүйелеріндегі жасанды интеллекттің рөлін, оның қолданылуына байланысты ықтимал қауіптерді, сондай-ақ киберинциденттер кезінде тиімді коммуникация орнату мәселелерін талқылайды.

Техникалық бағыттарда LLM жүйелеріне жасалған шабуылдарды талдау, жасанды интеллект көмегімен фишингті анықтау бойынша воркшоптар және APT-шабуылдардың құрылымын талдауға арналған практикалық сессиялар өтеді.
11 қыркүйекте конференция отбасыларға, студенттер мен педагогтерге есігін ашады. Бағдарлама қарапайым әрі түсінікті тілде, практикалық форматта ұйымдастырылады. Ата-аналар мен балаларға арналған кибербуллинг және онлайн ойындардағы киберқауіптер тақырыбында интерактивті жаттығулар мен викториналар өткізіледі. Қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық цифрлық тренажер таныстырылады. Сондай-ақ 2011–2026 жылдар аралығындағы хакерлік топтардың текетіресі тарихына арналған дәріс және ата-аналарға арналған сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылады.
Екі күн ішінде конференцияда 20-дан астам спикер мен сарапшы сөз сөйлейді.
Еске салсақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алаяқтар сырттай несие ресімдеп жібермеуі үшін не істеу керектігін айтып берді.