Астанада тұрғын шлагбаумды бүлдіргені үшін 50 АЕК айыппұл арқалады

Бүгін, 14:28
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада тұрғын шлагбаумды бүлдіргені үшін 50 АЕК айыппұл арқалады
видеодан скриншот/instagram.com/police__astana

Астанада 20 жастағы тұрғын тұрғын үй ауласындағы шлагбаумды қасақана бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Бауыржан Момышұлы даңғылындағы тұрғын үйдің ауласында болған. Полиция анықтағандай, жас жігіт аумақта орнатылған шлагбаумды бірнеше рет аяғымен теуіп, құрылғыны істен шығарған. Соның салдарынан мүлікке материалдық залал келген.

Сот шешімімен азаматқа 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері елордада өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру бойынша 120-дан астам факт анықталған. Әрбір жағдай бойынша заңға сәйкес шаралар қабылданған.

Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтап, өзгенің мүлкіне ұқыпты қарауға шақырды. Мүлікті қасақана бүлдіру әрекеттің сипаты мен келтірілген залал көлеміне қарай әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Еске салсақ, Астанада жүк көлігінен екі аккумулятор ұрлаған ер адам ұсталды.