Референдум-2026

Орталық Азия елдерінің энергетиктері жаңартылатын энергия көзін жүйелерге интеграциялауды үйренді

Орталық Азия елдерінің энергетиктері жаңартылатын энергия көзін жүйелерге интеграциялауды үйренді
Фото: Энергетика министрлігі

Шымкентте жаңартылатын энергия көздерін тарату электр желілеріне интеграциялау мәселелеріне арналған өңірлік тәжірибе алмасу бағдарламасы өтті. Оқытуға Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 45 маман қатысты. Бағдарлама жұмысына ҚР Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Тұрар Әлімжан қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оқыту Германия Үкіметінің тапсырмасы бойынша GIZ ұйымы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанда жүзеге асырып жатқан EU4Sustainable Central Asia: «Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздері» (EURECA) өңірлік жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба Германияның Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігі (BMZ) тарапынан қаржыландырылып, Еуропалық одақтың Global Gateway стратегиясы шеңберінде бірлесіп қаржыландырылады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артып келе жатқан жағдайда энергетика саласы мамандарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ Орталық Азияның біртұтас энергетикалық жүйесінің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту.

Екі күндік оқыту барысында қатысушылар бөлінген генерацияны интеграциялаудың заманауи тәсілдерін, нормативтік-құқықтық реттеуді, ЖЭК нысандарын электр желілеріне қосудың техникалық талаптарын, тарату желілерін цифрландыру, электр энергиясын зияткерлік есепке алу жүйелері, сондай-ақ электрмен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету тетігін қарастырды. Сонымен қатар Қазақстанның бөлінген күн энергетикасын дамытудағы практикалық тәжірибесіне ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның практикалық бөлігінде қатысушылар Оңтүстік Қазақстандағы күн энергетикасы нысандары мен тарату электр желілеріне техникалық сапар жасап, ЖЭК нысандарын қосу және пайдалану бойынша қолданыстағы шешімдермен танысты, сондай-ақ энергетика саласына заманауи технологияны енгізу тәжірибесімен алмасты.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның бас директоры Махамбет Айдар компанияның жаңартылатын энергия көздерін тарату желілеріне интеграциялау тәжірибесін таныстырып, қолданылып жатқан техникалық шешімдер туралы баяндады және Орталық Азия елдерінен келген әріптестердің сұрақтарына жауап берді.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында еліміздегі энергетикалық және коммуналдық салаларды жаңғырту қолға алынғанын мәлім етті.