Қазақстандық балалардың алиментке құқықтары Минск конвенциясына қатысушы елдерде қорғалады
Мәжіліс 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Құжатқа тараптар 2025 жылғы 26 маусымда қол қойды.
Түзетулерге сәйкес, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары Минск конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында танылуға және мәжбүрлеп орындалуға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізіледі. Бұл кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін тиісті сот актілерін орындау кезінде қорғауды қамтамасыз етеді.
Хаттаманы ратификациялау мемлекетаралық қатынастарда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық олқылықтарды жоюға, сондай-ақ баланың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар құжат азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.