Жеңіс Қасымбек: Жаңа Конституция – Қазақстанның орнықты дамуының берік негізі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа редакциясының күшіне енуіне орай пікір білдіріп, бұл өзгерісті елдің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы деп атады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Астана әкімінің айтуынша, жаңа Конституция Ата заңның жай ғана жаңартылған нұсқасы емес, демократиялық институттарды нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және Әділетті Қазақстанды құруға берік негіз қалайтын маңызды құжат.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар кезең-кезеңімен іске асып келеді. Жаңартылған Конституция осы өзгерістердің іргетасына айналып, адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындай отырып, еліміздің одан әрі даму жолындағы стратегиялық бағытын белгіледі.
Бұл күннің елордамыз үшін де маңызы ерекше. Конституцияда Астананың мәртебесі конституциялық заңмен айқындалатыны бекітілген. Бұл елорданың Қазақстанның саяси, әкімшілік және қоғамдық орталығы ретіндегі айрықша рөлін көрсетеді.
Елорда мәртебесі – ең алдымен үлкен жауапкершілік. Бүгінде Астана маңызды мемлекеттік бастамалар мен реформалардың негізгі орталығына айналды.
Қазір мұнда ауқымды жобалар іске асырылып, заманауи инфрақұрылым кеңейіп келеді. Қоғамдық кеңістіктер көбейіп, көлік жүйесі жаңарып, әлеуметтік нысандардың сапасы жақсарып жатыр. Мұның бәрі қала тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, елорданың өңірлерге үлгі болатын қала ретіндегі орнын нығайтып келеді.
Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жан-жақты жаңғыртуды көздейді. Енгізілген түзетулер саяси жүйені, мемлекеттік органдардың қызметін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, экономиканы және мемлекеттің негізгі қағидаттарын қамтиды.
Конституцияда бекітілген құндылықтар бүгінде күнделікті өмірде нақты көрініс тауып отыр. «Таза Қазақстан» бастамасы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді. Ал «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы құқықтық сананы арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және заң үстемдігін орнықтыруға жол ашады.
Әділетті қоғам, қуатты мемлекет, таза қоршаған орта және заңға құрмет – бұл Ата заңда жазылған қағидаттар ғана емес, ортақ болашағымыздың бағытын айқындайтын маңызды тұжырымдар.
Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды бірлесе жүзеге асырып, Астананың одан әрі өркендеуіне және қуатты, заманауи әрі гүлденген Қазақстанды бірге құруға бар күш-жігерімізді саламыз деп сенемін», деді Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында.
Еске салсақ, еліміздің жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай Президент қазақстандықтарға үндеу жасады.