Тәуелсіздік жылдары халық саны қалай өзгерді

Тәуелсіздік жылдары халық саны қалай өзгерді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Тәуелсіздік күні қарсаңында ӨЗӨСО директорының орынбасары Шынар Төлешова елдің демографиялық даму жолына талдау жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстан халқы санының өсу серпінін екі ірі кезеңге бөлуге болады. 1991-2001 жылдар: Халық саны 9,7% немесе 1,6 млн адамға азайды.
2002-2024 жылдар: Тұрақты және үздіксіз өсу кезеңі. Ел тұрғындарының саны 36,4% немесе 5,4 млн адамға артты. 1991-2001 жылдардағы халық санының азаюына көші-қон ағыны да (елден кету), табиғи өсім көрсеткіштерінің төмендеуі де әсер етті.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ең төменгі туу деңгейі 1999 жылы тіркеліп, сол жылы өмірге небәрі 217,5 мың бала келді. Жалпы жиынтық коэффициент бір әйелге 1,8 болды.

Ал өлім-жітімнің ең жоғары шегі 1995 жылы байқалған. Бұл жылы 166 028 адам өмірден өтті. Салыстырмалы түрде алсақ, пандемия өршіп тұрған 2020 жылы қайтыс болғандар саны (160 962 адам) 1995 жылғы көрсеткіштен төмен.
Осы тұста індет өршіген 2020-2021 жылдары ерекше жағдай – «пандемиялық бэби-бум» тіркелгенін айта кетейік. 2021 жылы тәуелсіздік жылдарындағы рекорд орнап, 445 875 нәресте дүние есігін ашты.
Көші-қон үдерісі де бірнеше кезеңнен өтті: 1990-жылдары халықтың елден кеткені байқалды, 2004-2011 жылдары этникалық қазақтарды (қандастарды) елге қайтару саясатының нәтижесінде көші-қон сальдосы оң болды, 2012-2022 жылдары төмендеді, ал 2023 жылдан бастап геосаяси жағдай мен қандастарды репатриациялау саясатының арқасында елге келушілер саны қайта өсіп келеді.