Шымкентте науқастың өз бүйрегін қайта орналастыру күрделі отасы сәтті жасалды
Шымкент қаласындағы №1 қалалық клиникалық ауруханада бүйрек аутотрансплантациясы сәтті жүзеге асырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – науқастың өз бүйрегін алып, қайта қалпына келтіріп, өз ағзасына қайта отырғызу арқылы жасалатын аса күрделі операция.
1968 жылы туған науқас соңғы 5 жыл бойы артериялық гипертензиямен ауырған. Соңғы бірнеше жылда қан қысымы үнемі 250/140 мм сынап бағанасында және одан да жоғары болып, бұл өмірге аса қауіпті жағдайға әкелген.
Мұндай жағдайда кез келген уақытта ми қан тамыры жарылып, инсульт алу қаупі өте жоғары болған.
2024 жылы науқастың құрсақ аортасына стент-графт имплантацияланған.
Ауруханаға ауыр халде түскен науқас толық тексеруден өткізілді. Тексеру нәтижесінде сол жақ бүйрекке баратын артерияның 99% тарылғаны анықталды.
«Аортада стент-графт орнатылғандықтан, дәстүрлі шунттау операциясын жасау мүмкін болмады. Осыған байланысты науқастың сол бүйрегі алынып, оң жақ мықын артериясына қайта тігіліп орналастырылды», - делінген хабарламада.