Шетел азаматы Қазақстанға «999» таңбасымен 36 қап есірткі алып кірмекші болған
Жамбыл облысының «Айша-бибі» өткізу пунктінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі есірткі заттарының ірі партиясын алып өту әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ведомство тарақан мәліметке сүйенсек, оқиға 14 желтоқсан күні болған.
«Техникалық құралдарды қолдану арқылы көліктің жасырын жерлерінде күдікті зат салынған 36 қап табылды, олардың кейбіреулерінде «999» таңбасы болды. Сараптама нәтижесінде жалпы салмағы 30 кг-дан асатын тәркіленген заттардың есірткі екендігі анықталды, оның ішінде: героин - 0,999 кг, апиын - 3,620 кг және гашиш - 25,949 кг. Шетелдік азамат ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп жазылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бұған дейін Павлодарда есірткіні магнит арқылы темір заттарға жасырған тұрғын ұсталғанын жаздық.