IIМ жүргізуші куәліктерін жедел ауыстыруға қатысты желіде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде алдағы төрт жыл ішінде жарамдылық мерзімі аяқталатын жүргізуші куәліктерін міндетті түрде ауыстыру қажет деген жалған ақпарат тарап жатыр. Polisia.kz бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру тәртібіне қатысты ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Аталған куәлік тек олардың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда және қолданыстағы белгіленген тәртіпке сәйкес ауыстырылады. Қосымша талаптар, соның ішінде қайта емтихан тапсыру немесе қандай да бір шектеулер қарастырылмаған», - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді тек ресми дереккөздерден алуға шақырады. Сонымен қатар көрінеу жалған ақпарат тарату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Еске салайық, бұдан бұрын ІІМ желіде тараған жүргізушілерге қойылған «тұзақ» туралы ақпаратты жоққа шығарғанын хабарладық.