Астана қаласы мәслихаты төрағасы Ерлан Каналимов отандастарымызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қала қонақтары!
Сіздерді арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – біздің еркіндігіміздің, қайсарлығымыз бен бірлігіміздің символы, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арман-тілегінің орындалуының айғағы. 1991 жылғы 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданып, еліміздің жаңа тарихының жарқын беті ашылды», - деді Е.Каналимов.
Астана қаласы мәслихаты төрағасы халқымыздың еңбегі мен ынтымағының арқасында жеткен жетістіктеріміз әр қазақстандық үшін мақтан екенін айтты.
«Тәуелсіздік – бұл тек еркіндік белгісі ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Осы асыл құндылықты сақтау және дамыту – баршамыздың ортақ парызымыз. Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке және табыс тілеймін. Еліміздің көгінде әрдайым бейбітшілік пен тұрақтылықтың нышаны орнасын!», - деді ол.