Елордада қорғаныс саласындағы мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі сақталмаған

18 желтоқсан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада қорғаныс саласындағы мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі сақталмаған
Фото: Оңалхан Өнерхан

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына бақылауды жүзеге асыру органы ретінде «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген байқау нәтижесінде, осы жылдың 4 тоқсанындағы мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің сақталуына тексеру жүргізу барысында бірқатар бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мысалы, қазан айында жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша Қорғаныс министрлігіне қарасты аумақтық мекемелеріне, сондай-ақ осы салада қызмет көрсететін жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы қашықтан байқау жұмыстары жүргізіліп, келіп түскен өтініштердің тіркеу мерзімдерінің бұзылғандығы белгілі болды.

ҚР Қорғаныс министрінің 05.11.2020 ж. №605 бұйрығына сәйкес, «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскерге шақырудан босату» мемлекеттік қызметтерін көрсету мерзімі құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап 6 (алты) жұмыс күнін құрайды.

Осы негізде, қағида талаптарына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын комиссия мүшелері қарайды және өтінімді келіседі не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартады.

«Белгілі болғандай, 53 өтінім комиссия мүшелеріне келісу үшін жолданған, алайда жауапты қызметкердің келісімі болмауына байланысты мемлекеттік көрсетілетін қызмет 15 жұмыс күнінен кейін, яғни департамент қызметкерлерінің ықпал ету шараларынан соң орындалған.

Осылайша, қызмет берушінің кеңсесіне келіп түскен құжаттар тіркелгенімен, заңнамада белгіленген мерзімдері бұзылған.

Нәтижесінде, бұдан әрі мемлекеттік көрсетілген қызметтер саласындағы заңнама талаптарын бұзылуына жол бермеу мақсатында, департаментпен қызмет берушілерге тиісті шаралар қолдану, оның ішінде жауапты қызметкерлерге құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтау және анықталған бұзушылықтар бойынша қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарастыру бойынша ұсыныстар енгізілді», - делінген хабарламада.

Егерде Сіздің мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда департаментке Сарыарқа даңғылы, 13, мекенжайы бойынша жазбаша түрде, не электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы немесе Е-Otinish азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және EgovKzBot2.0 Тelegram-бот арқылы «Уәкілетті органға өтініш» бөлімінде жүгіне аласыз.