Елімізде балалар лагерьлеріне жаңа талаптар енгізілді

Бүгін, 12:53
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде балалар лагерьлеріне жаңа талаптар енгізілді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

1 сәуірден бастап елімізде алғаш рет балалар сауықтыру орталықтарының қызметін лицензиялау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл бастама балалардың демалысы, оқуы және сауықтырылуы үшін бірыңғай талаптарды қалыптастыруға бағытталған.

«Ұйымдарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, құжаттарды жыл сайын қайта рәсімдеу қажеттілігін болдырмау мақсатында лицензияның қолданылу мерзімі бес жыл болып белгіленді. Бұл ұйымдар қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік бақылауды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді», делінеді хабарламада.

Жаңа талаптарға сәйкес балалар сауықтыру орталықтары инфрақұрылым, кадрлық қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және қауіпсіздік бағыттары бойынша белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс. Сондай-ақ жаңа жүйе талаптарға сәйкес келмейтін, қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын бейресми ұйымдардың қызметін шектеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде қызмет сапасы артып, ұйымдардың жауапкершілігі күшеймек.

Қабылданған шаралар балалардың демалысы мен сауықтырылуын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыруға, сондай-ақ елімізде білім беру-сауықтыру қызметтерінің бірыңғай стандартын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, елордалық түлектер Германияның үздік ЖОО-ларында тегін оқитын болды