Авиаотынға қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, үш көмір стансасының құрылыс қарқынын жеделдету қажет — Олжас Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Президент тапсырмалары аясында мемлекеттік органдар экономиканың тұрақты дамуы мен негізгі салалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды уақтылы жүзеге асыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысы авиаотынмен қамтамасыз ету инфрақұрылымын құру міндетін қойды. Энергетика министрлігі Көлік министрлігімен және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге тез арада авиаотынды сақтап, таратуға арналған нысандарды жаңғырту мен салудың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлесін. Аталған жұмыс жылдам дамып келе жатқан авиация саласының қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету үшін озық қарқынмен жүруі керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр генерация саласындағы жобаларды жүзеге асыруға жеке тоқталды.
«Президент Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш көмір стансасы құрылысының созылып кетуін орынды сынға алды. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен, Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, генерация саласындағы жобалардың белгіленген мерзімде уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.