Астанада кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейд өткізілді
Астана қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі профилактикалық рейд ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шара елорданың «Алматы» ауданы прокуратурасының бастамасымен өткізіліп, оған полиция басқармасы мен аудан әкімдігі өкілдері қатысты.

Рейд барысында «Алматы» ауданы прокуратурасының бөлім прокуроры, 1-сыныпты заңгер Ботагөз Секенова түсініктеме беріп, аталған шараның негізгі мақсаттары мен міндеттерін атап өтті.
«Рейдтің басты мақсаты - кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруінің алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту. Сонымен қатар жасөспірімдердің заңсыз немесе қауіпті жағдайларға тап болуын болдырмау көзделеді», – деді Ботагөз Секенова.

Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүру фактілерін анықтау, сондай-ақ ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу негізгі міндеттердің бірі болды.

Заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінсіз болуына тыйым салынған. Ал сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында ересектердің қарауынсыз жүруіне жол берілмейді. Бұл талаптардың сақталуы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Рейд барысында компьютерлік клубтар, кинорумдар, сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар, аулалар және жастар жиі жиналатын өзге де қоғамдық орындар тексерілді.

Нәтижесінде түнгі уақытта жалғыз жүрген 15 жасөспірім анықталып, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданды.
Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Мамандар жазғы демалыс кезеңінде ата-аналарға балалардың бос уақытын қадағалап, олардың қайда және кіммен жүргеніне ерекше назар аударуға кеңес береді. Сондай-ақ интернет қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелері және судағы қауіпсіздік мәселелері де басты назарда болуы тиіс екені айтылды.
Қалалық прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, мұндай профилактикалық рейдтер жаз мезгілінде тұрақты түрде жалғасын табады. Бұл - жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Авторы: Альмира Қасқырбаева