Астанада Еуропа күні EuroFest 2026 фестивалімен атап өтілді
Елордадағы Ғашықтар саябағында Астанадағы Еуропа күніне арналған ауқымды мәдени-отбасылық EuroFest 2026 фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
EuroFest 2026 қонақтары еуропалық мәдениетпен танысып, Еуропаның түрлі елдерінің дәстүрі, музыкасы мен ұлттық тағамдары жайлы көбірек білуге мүмкіндік алды.
Келушілер үшін интерактивті алаңдар, мәдени бағдарлама, жанды музыка және өзге де түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар фестивальдің маңызды қайырымдылық миссиясы бар екенін атап өтті.

«Жиналған қаражат жергілікті қайырымдылық ұйымдарын қолдауға бағытталады», – деді ұйымдастырушылар.
Фестивальде экологиялық күн тәртібіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар үшін интерактивті ойын ұйымдастырылып, оның барысында келушілер әртүрлі кезеңдерден өтіп, қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму қағидаттары туралы көбірек мәлімет алды.
Ең көп қызығушылық тудырған алаңдардың бірі Германия стенді болды. Мұнда қонақтар футбол ойнап көріп, түрлі іс-шараға қатысты.

Сондай-ақ келушілер Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі білім беру, инновация, көлік байланысы және орнықты даму салаларындағы Еуропа Одағының жобалары мен серіктестік бастамаларымен танысты.
Фестиваль, әсіресе, балалы отбасылар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Бүлдіршіндер үшін арнайы ойын-сауық аймағы әзірленіп, балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге би билеп, шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, сәндік үй макеттерін бояды.
«Фестиваль маған қатты ұнады. Барлығы әдемі безендірілген, қызықты алаңдар мен ойын-сауық көп. Бұл тек көркем әрі әсерлі емес, сонымен бірге танымдық шара – түрлі елдің мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардың дәмін татып, көптеген жаңа мәлімет алуға болады. Әсіресе, балаларға арналған іс-шаралардың көп болғаны ұнады», – деді астаналық Марина Вельченко.
Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі концерттік бағдарлама болды.
Естеріңізге сала кетсек, жақында елордада «Жасыл Астана: біздің таңдауымыз» фестивалі өткен болатын.