Ақтау – Дубай – Ақтау рейстері уақытша тоқтатылды
Қазіргі уақытта FlyArystan әуекомпаниясының Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерінің орындалуы Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға және өңірдегі ағымдағы шектеулерге байланысты уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуе компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жайт жолаушылар үшін елеулі қолайсыздықтар мен белгісіздік туғызатынын түсінеміз және жолаушыларды Қазақстанға қайтару үшін бар күшімізді жұмылдырудамыз.
Қолданыстағы халықаралық әуе тасымалы қағидаларына сәйкес, форс-мажор жағдайында тасымалдаушының міндеттемелері билет құнын қайтарумен немесе мүмкіндік болған жағдайда баламалы тасымалдауды ұсынумен шектеледі. Оған қарамастан, FlyArystan жолаушыларына әрі қарайғы әрекеттерді үйлестіруге уақыт беру мақсатында жолаушыларды әуекомпания есебінен бір тәулікке тұру орнымен қамтамасыз етті, - дейді әуе компаниясы өкілдері.
Әуекомпанияның жергілікті өкілдері жолаушылармен байланыста болып, ақпараттық қолдау көрсетуде және ұйымдастырушылық мәселелерді үйлестіруге жәрдемдесуде. Қазіргі уақытта FlyArystan Біріккен Араб Әмірліктерінің құзыретті органдарынан рейсті орындауға рұқсат күтуде және Қазақстан Республикасының авиациялық билік органдарымен тұрақты байланыс жасап отыр. Параллельді ретте әуекомпания өңірдегі авиациялық қауіпсіздік тәуекелдерін дербес бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Барлық қажетті рәсімдер келісіліп, тәуекелдерді бағалау аяқталғаннан кейін жолаушыларды қайтарудың күні, уақыты және қауіпсіз форматы туралы шешім қабылданады. Тиісті шешімдер қабылданған бойда, әуекомпания брондау кезінде көрсетілген байланыс деректері бойынша жолаушылармен жедел хабарласып, толық нұсқаулық жібереді. Бұл ретте, қайтару рейсіне отырғызуда міндетті шарт – FlyArystan әуекомпаниясының Дубай – Ақтау рейсіне пайдаланылмаған әуебилетінің болуы.
Сонымен қатар, 28 ақпан, 7 наурыз және 10 наурыз күнгі рейстердің жолаушыларына билеттің толық құнын қайтару немесе сатып алынған арна бойынша тегін қайта брондау мүмкіндігі қолжетімді екенін еске саламыз.
Жолаушылардан дипломаттар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің хабарламаларын қадағалауды, байланыста болуды және брондау кезінде көрсетілген байланыс деректерінің (телефон нөмірі мен электронды пошта) өзекті әрі хабарламалар алуға қолжетімді екеніне көз жеткізуді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Әуе компаниясы барлық жолаушыларымызды мүмкіндігінше тез әрі қауіпсіз қайтару үшін жағдайды тәулік бойы бақылауды жалғастырып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін әуе компаниясы Медина мен Жидда қалаларына репатриациялық рейстер орындауды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.