Қазақстанда 1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 394 кәсіпорны 9,8 мыңнан астам жұмыскерге 2,3 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 6,5 мыңнан астам фактісі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 3 369 ұйғарым берілді және 428,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
«Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 9,6 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2025 жылғы 1 қарашадағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізді, оның барысында 6 571 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 427; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 111; халықты жұмыспен қамту бойынша – 33», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 40 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.