Іле Алатауы мен Қырғыз жотасында сел жағдайы бақылауға алынды
Сел қаупі кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 15 маусымнан бастап ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінде және Меркі мен Аспара өзендері бассейндеріндегі Қырғыз жотасында маусымдық бақылау бекеттерін орналастыру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Бекеттер сел жүру қаупі жоғары таулы аймақтарда, теңіз деңгейінен 2000-3000 метр биіктікте орналасады. Олар байланыс құралдарымен, гидрометеорологиялық жабдықтармен және бақылау кезеңінде үздіксіз жұмыс істеуге қажетті азық-түлік қорымен қамтамасыз етілген.

Қызметкерлер мен қажетті техниканы бақылау орындарына жеткізу үшін «Қазавиақұтқару» тікұшақтары мен арнайы жегінді көліктер пайдаланылады.
Маусымдық бекеттерде гидрометеорологиялық және сел жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл сел қаупін дер кезінде анықтап, жедел қызметтерге қажетті ақпаратты уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Бақылау жұмыстары сел қаупі кезеңі аяқталатын 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, мұндай бекеттердің қызметі төтенше жағдайлардың алдын алуда маңызды рөл атқарып, тұрғындардың, инфрақұрылым нысандарының және қауіпті аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Еске салсақ, елордада Ақбұлақ өзенін тазарту жұмыстары жүргізілді.