«Токиодағы ерекше сәт»: Саясат Нұрбек қазақтан шыққан кәсіби сумо шеберімен кездесті

18 желтоқсан, 2025
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
«Токиодағы ерекше сәт»: Саясат Нұрбек қазақтан шыққан кәсіби сумо шеберімен кездесті
Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Токиода «Кимбодзан Харуки» лақап атымен танымал Алматыдан шыққан кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлмен кездесті. Бұл туралы министр өзінің Телеграм арнасында жариялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін Токиода есте қаларлық бір сәт болды. Кимбодзан Харукимен жүздестім. Біз үшін ол – ең алдымен Алматыдан шыққан Ерсін Балтағұл. Жапонияның ең қатал әрі ғасырлық дәстүрі бар спорты – кәсіби сумоны таңдады да, сол жолда қайсарлықпен ең жоғары лигаға дейін көтерілді.

Биыл қаңтарда ол Токиода өткен Hatsu basho 2025 турнирінде 12 рет жеңіп, 3 рет жеңілді, көшбасшылардың үштігіне кіріп, Император кубогы үшін плей-оффқа шықты. Нәтижесінде Жапониядағы ең ірі турнирлердің бірінде 3-орынды иеленді», - деп жазды Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар министр сумо шеберінің кішіпейілділігіне тәнті болғанын тілге тиек етті.

«Маған ең көп әсер қалдырғаны – оның бойындағы кішіпейілділігі. Нәтижеге қандай еңбекпен жететінін ішкі сабырмен дәлелдеп жүр. Мұндай жігер бүгінде спортқа да, жастарға да, ғылымға да ауадай қажет: жетістікке жету жолында бекем болып, сабыр сақтап, үздіксіз үйреніп, қандай қиындық болса да, алға қадам басу.

Ерсіннің жетістігі – мен үшін үлкен мақтаныш. Оның жолы еліміздің абыройы сөзбен емес, табанды еңбек пен нақты нәтижеден құрайтынын дәлелдеп тұр», - деп қосты министр.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Rakuten Group компаниясының басшысын қабылдағанын жаздық.