Тазалық жанашыры KerimGold: астаналық блогер қоғамдық мәдениетті насихаттаушы ретінде танымал болды
Қазақстанды екінші отаны санайтын нигериялық музыкант әрі блогер Абдул Керим Адешина Абдул Фатхи көпшілікке KerimGold есімімен және TikTok-тағы TazaLike жобасы арқылы кеңінен танымал. Ол Қазақстанда он жылдан астам уақыт тұрып, бүгінде өзін тазалық жанашыры, қоғамдық мәдениетті насихаттаушы блогер ретінде көрсетіп жүр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазір Астана қаласында тұратын Абдул Керим қоғамға пайдалы контентке басымдық беріп, тазалық, тәртіп пен жауапкершілік тақырыптарын тұрақты көтереді. Оның айтуынша, «тазалық – тек көше мен аулаға қатысты ұғым емес, ол ең алдымен адамның ішкі мәдениетінің көрінісі». Бұл ұстаным TazaLike жобасының да негізгі өзегіне айналған.
Блогердің тазалық тақырыбындағы посттары мен әлеуметтік бейнероликтері кең аудиторияның қолдауына ие. TazaLike парақшасында жарияланған контент миллиондаған қаралым жинап, мыңдаған пікір мен пікірталасқа арқау болуда. Көрермендер оның видеоларында көтерілген мәселелерді қолдап, жеке тәжірибелерін бөлісіп, тазалыққа қатысты азаматтық ұстанымдарын ашық білдіреді. Бұл жоба қарапайым әлеуметтік роликтерден гөрі, қоғамдық ой қалыптастыратын алаңға айналып келеді.

Блогердің белсенділігі елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясымен үндес. Сонымен қатар ол күнделікті еңбегімен қаланың тазалығын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық қызметкерлердің, жол жұмысшылары мен тазалық саласы мамандарының рөлін ерекше атап өтеді. Бұл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған маңызды үндеу.
Қазақ тілінде еркін сөйлеп, қазақша ән орындайтын блогер тілге деген құрметті тазалық мәдениетінің бір бөлігі санайды. Оның пікірінше, белгілі бір елде өмір сүру сол халықтың тілін, дәстүрін және құндылықтарын сыйлаудан басталады.